Жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің орта жасы 45-те
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін елдегі 199 ауылда әкім сайлауы өтеді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланды. Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында.
Бұл ретте үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы – өзін-өзі ұсынушылар.
Сондай-ақ, сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз.
«Бұдан бөлек жергілікті әкімдер құрамы да біршама «жасарды». Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды. Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Осылайша ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды», - дейді Е. Қарин.