Жаңадан сайланған депутаттар Үкіметтен келіп түскен бірқатар заң жобаларын өндіріске алды - Мәжіліс
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңадан сайланған депутаттық корпус Үкіметтен келіп түскен бірқатар заң жобаларын өндіріске алды
Бірінші сессияның бірінші отырысының күн тәртібіне Мәжілістің Бюросы Үкімет әзірлеген 12 заң жобасын ұсынған болатын. Бұл жобалар Мәжілістің қарауына алынып, тиісті комитеттер заң жобаларына қорытынды шығаратын күнді белгіледі. Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары, сондай-ақ Қазақстан мен РФ Үкіметтері арасындағы сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісім, щифрлық байланыс мәселелері жөніндегі заң жобалары Мәжілістің өндірісіне алынды.
Сонымен қатар, қалаулылар биліктің басқа да тармақтарындағы жауапты орган басшыларына бағытталған депутаттық сауалдарын жария етті.
Енді салалық комитеттер аталған құжаттарды жұмыс топтарында талқылап, белгіленген мерзім аралығында тиісті қорытындыларын шығаратын болады.