Жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскенде Вице-Президент өкілеттігін тоқтата ма

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-Президент дербес мемлекеттік органды басқармайды. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

бірлескен отырыс
Фото: Әділет министрлігі

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Құжатты талқылау барысында сенатор Бекболат Орынбеков Әділет министрінен: Конституцияға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттіктерін доғарады деп көрсетілген. Сондай-ақ Конституциялық заң жобасының 20-бабы 1-тармағына сәйкес, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттіктері жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскенде тоқтатылады. Бұл ретте олар Мемлекет басшысы жаңа басшыларды тағайындағанға дейін өз міндеттерін атқарады деп көрсетілген. Ұқсас тетік Астана қаласы, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдері үшін де көзделген. Осыған байланысты сұрағым, бұл тетікті Вице-Президент лауазымына қолдану, яғни, жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскен кезде оның өкілеттігін тоқтату мүмкін деп ойлаймыз ба?, — деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген министрдің айтуынша, Вице-Президент институтын енгізу — ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

— Вице-Президент дербес мемлекеттік органды басқармайды. Ол тек Президент атынан өкілдік етеді. Осы ұстанымды ескере отырып, жаңадан сайланған Президент алдында өз өкілеттігін автоматты түрде тоқтату қажет деп санамаймыз, — деді Ерлан Сәрсембаев.

Бұдан бұрын Құрылтай – Қазақстан Парламентінің құқықтық мирасқоры – конституциялық заң жобасы мақұлданғанын жаздық.