Жаңадан тіркелген «Республикалық жас тарихшылар қауымдастығы» өте қажет - Мемлекет тарихы институты
АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - 29 шілде күні жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарын үйлестіру міндеті қойылған, «Республикалық жас тарихшылар қауымдастығы» заңнамалық тіркеуден өтті. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған мәлім етті.
«Жас тарихшылар қауымдастығы өте қажет деп ойлаймын. Біз үшін өте маңызды. Тарихта ғана емес, сонымен қатар басқа ғылымда да соңғы кезде жастар азайып кетті, яғни олар бизнеске, мұнай саласына, заңгерлікке бетбұрыс жасады. Осы орайда бұл қауымдастықтың негізгі мінедеті - ол жас ғалымдарға жол беру, оларға көмектесіп, қолдау жасау, жас ғалымдардың мұң-мұқтажын мемлекет алдында айтып отыру. Бұл тұрғыда материалдық мұқтаждық бар», - деді тарихшы.
Оның сөзіне қарағанда, жас тарихшылардың күш-қуатын пайдаланып, елімізде тарихшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінбек. «Біз жастарға көп үміт артамыз. Бағымызға қарай, бізде жақсы ғалымдар бар», - деп түйді Б. Аяған.