Жаңақала тұрғынын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталмыш оқиға туралы 30 қаңтар күні Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің тұрғындармен есептік кездесуінде де сөз болды.
Онда сөйлеген тұрғындар кісі өлтірген күдіктінің бұдан бұрын да ауыл тұрғындарына бірнеше рет пышақ салғандығын жеткізді. Онымен қоймай, кәмелетке толмағандарды пышақпен қорқытып, қылмысқа итермелеген. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, егер алдын алу шаралары алынған кезде мұндай екі бірдей адамға қатыгездікпен пышақ салу оқиғасы болмас па еді.
Бұған аудандық полиция бөлімінің бастығы Өтеш Әбуғалиев кінәлі адамдардың ұсталғандығын, соның ішінде негізгі қылмыс жасаған күдіктінің қамауға алынғандығын, тергеу амалдарының жан-жақты, әділетті жүргізілетінін айтып, жауап берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 30 жасар тұрғынның пышақ жарақатынан мерт болғандығын, екіншісінің аудандық ауруханада жатқандығын жазған болатынбыз.