Жаңақалада ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында 382,8 млн. теңге несие бөлінді - БҚО
ОРАЛ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда Жаңақала ауданында да бағдарлы жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Аудан әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша ауданда 42 адам 9 мамандық бойынша қайта даярлау курстарына, 11 адам біліктілігін арттыру курстарына жіберілді. 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы қайта даярлау курсынан өткен 53 адамның 50-і жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, 9 адам тұрақты жұмысқа ие болды. 6 адам жастар тәжірибесі арқылы, 3 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 6 адам бөлім арқылы ақылы қоғамдық жұмысқа, 26 адам уақытша жұмысқа жіберілді. 2 адам өз кәсіптерін ашып, бағдарламаның екінші бағыты бойынша мемлекеттен несие алып, жұмыс жасауда.
2012 жылы қайта даярлау курстарына 10 адам, кәсіби біліктілігін арттыруға 3 адам жіберу жоспарланса, күні бүгін №8 Жаңақала кәсіптік лицейін «тас қалаушы» мамандығы бойынша 10 адам бітіріп, оның бесеуі уақытша маусымдық жұмысқа орналасты. Жолдамамен «1С-Бухгалтер» мамандығы бойынша біліктілігін жетілдірген бір адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды.
Биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру мен қаржыландыруға 11 млн. 631 мың теңге қаралды. Әлеуметтік жұмыс орнын ашуға 53 шаруа қожалығы мен кәсіпкерлерден сұраныс тіркелді.
Жылдың алғашқы жартысында сұраныстарға сәйкес 51 жұмыс берушімен 98 адамды 9 ай жұмыспен қамту жөнінде келісімшарт жасалып, қаралған қаржы толық игерілді.
Ауданға жастар тәжірибесін ұйымдастыру мен қаржыландыру үшін 65 адам 12 млн. 79 мың теңге қаржы бөлінген еді. Қажеттілікке орай тағы 40 адамға 7 млн. 405 мың теңгеге сұраныс беріліп, бөлінді.
Жылдың өткен алты айында 46 мекемеге 93 жұмыссыз жас алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтау мақсатында 6 айға уақытша жұмысқа жолданып, қаралған қаржы толық игерілген-ді.
«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша аз қамтылғандарды, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды, жұмыссыздарды қолдау мақсатында ауданға 382,8 млн. теңге несие бөлінді. Осы несиені игеру мақсатында 201 адамды қамтыған 61 несие серіктесітігі құрылды. Ол адамдардың 90-ы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 88-і жұмыссыздар, 23-і аз қамтылғандар еді.
Құжаттарын тапсырған 57 несие серіктестігінің 49-ы алғашқы конкурстан өтіп, 349,7 млн. теңге несие алуға қол жеткізді. Олардың 38-і мал шаруашылығымен айналысуға, екеуі монша салуға, 1-уі сүт өнімдерін өндіруге, 2-уі тігін цехын, 1-уі жарнама агенттігін ашуға, 1-уі балалардың ойын-сауық кешенін, 1-уі шаштараз, 2-уі құрылыс материалдарын дайындау, 1-уі есік, терезе жасау цехын ашуға ниет еткендер еді. Олардың бәрі де жұмыстарын бастап кетті.
Осы 49 несие серіктестігі 173 адамды қамтыса, олардың 116-сы - өз бетінше жұмыспен айналысушылар, 57-сі - аз қамтылғандар.
Халыққа қызмет көрсету саласына алынған несиелер де мақсатты жұмсалуда. Күні бүгінге дейін несие алуға қол жеткізгендер 389 бас сиыр, 2368 бас қой, 32 бас жылқы мен 2 бас түйе сатып алыпты. Несие бес ай ішінде игерілуге тиіс болғандықтан, мал сатып алу жалғасуда.
Алғашқы конкурстан өтпеген 9 несие серіктестігі қайта жарияланған конкурста 33,1 млн. теңге несие алуға қол жеткізді. Олардың 7-уі мал шаруашылығымен айналысуға, 1-уі құрылыс материалдарын дайындауға, 1-уі монша салуға жоспар жасағандар еді.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекен ретінде танылған Балдырған, Теңдік ауылдарынан 3 отбасындағы 11 адам Бөрлі ауданына көшірілді, оларға көшу шығындарын өтеуге субсидия Бөрлі аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы беріліп, 3 отбасының жұмысқа жарамды мүшелері тұрақты жұмысқа орналастырылған.