Жаңақалада озып шыққан жас домбырашыларға қомақты жүлделер тапсырылды - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және Қ.Жантілеуов атындағы аудандық балалар музыка мектебінің 40 жылдығына орай 12-17 жас аралығындағы жас домбырашылар байқауы ұйымдастырылды.

Жаңақалада озып шыққан жас домбырашыларға қомақты жүлделер тапсырылды - БҚО

Орал қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы №1 балалар музыка мектебі халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиевтің айтуынша, аталмыш сайысқа Ақжайық, Зеленов, Қазталов, Сырым, Жаңақала аудандары мен Орал қаласынан барлығы 17 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар екі кезеңнен тұратын сайыста Махамбет, Құрманғазы, Дина, Қауеннің туындыларымен қоса шертпе күйлерді де орындады.

Облыс көлемінде мұндай шаралар өтіп жүргенімен, бұл байқау жүлделерінің қомақтылығымен ерекшеленді. Айталық, бас жүлдені иеленген жаңақалалық Ағеділ Ұзақовқа үлкен теледидар табыс етілді. Орал қаласынан келіп, бірінші орынға көтерілген Әсет Шаймарданға бейнекамера, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылынан келген Тұрлыхан Әбуханов пен Фатима Ғайниетоваға екінші жүлде - ноутбуктер берілді. Үшінші орын иегерлері, оралдық Аида Амангелдиева, Әмір Ғайсин және жалпақталдық Азамат Ғұбайдуллин ұялы телефондар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Бағалы сыйлықтармен аталып өтілген басқа оқушылар да құр қалған жоқ.

Байқаудың өтуіне қаржылай қолдау көрсеткен аудан әкімі Лавр Хайретдинов күй елі атанған Жаңақалада осындай сайыстардың алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын жеткізді.