Жаңалық жаршысы «24 KZ» телеарнасына 1 жыл толды. ВИДЕО
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тәулік бойы хабар тарататын «24 KZ» телеарнасына 1 жыл толды.
Осы уақыт ішінде «24 KZ» командасы мыңдаған материал әзірлеп, әрбір жарты сағат сайын жаңалықтар топтамасын көрерменге ұсынды. Бүгінде «24 KZ» жаңалық жаршысы, көпшіліктің үні бола отырып, қоғамда болып жатқан оқиғаны жедел әрі уақытпен үндесе жеткізетін ақпарат құралына айналды.
1 қыркүйек - «24 KZ» арнасының хабар тарата бастаған күні. Осыдан 1 жыл бұрын отандық медиа кеңістігінің өрісі кеңейіп, елімізде бұрын болмаған тәулік бойы хабар тарататын телеарна көрерменге жол тартты. Бір жыл бойы эфирде мыңдаған жаңалық топтамасы көрсетіліп, ақпарат легі бір сәтке де толастаған жоқ.
Жеделдік пен нақтылыққа басымдық берген телеарнаға артылған жүк ауыр болды. Бірақ көрермен көңілінен шығу үшін шығармашылық ұжым барын салды. Тілшілер, жүргізушілер, операторлар, видеоинжинерлер, редакторлар, продюсерлер мен режиссерлер сияқты қызметкерлер көрермен үшін жұмыс жасауда. Күн сайын арнадан саясат, экономика, технология, мәдениет, инновация саласына арналған ақпараттық-танымдық бағдарламалар легі көрсетіледі.
«Көрермендер өз бағасын бере жатар. Бірақ біз еліміздің ақпарат тарату кеңістігін орындап жатырмыз. Жыл бойы үзіліссіз жаңалықтарды көре алады», - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев.
Арна тілшілері әлемде болып жатқан оқиғаларды миллиондаған көрерменге қаз-қалпында, боямасыз жеткізуге тырысты. Тек ақпарат таратып қана қоймай, түйіткілді мәселелердің күрмеуін шешуге сеп болған проблемалық сюжеттер әзірледі. Тілшілердің араласуымен ауызсу, жол сияқты шешімін таппай тұрған өзекті мәселенің бойына қан жүгірді. Бүгінде арнаның техникалық негізі еліміздің кез келген аймағында өтіп жатқан қандай да бір жаңалықты сапалы әрі қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді.
«2014 жылы шетелде арнаның тілшілер қосыны 10 мемлекетте ашылады. Ал 2015 жылы тағы 10 мемлекетте тілшілер қосыны ашылады. Келесі жылдан бастап еліміздің кез келген өңірінен оқиға орнында тікелей эфирде ақпара тарата алатын болады», - деді «24 KZ» арнасының шеф-редакторы Арман Сейітмамыт.
Бір жыл ішінде «24 КZ» командасы көптеген материал әзірлеп, көрерменге ұсынды. Тәулік бойы үздіксіз хабар таратып, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып, көрерменнің көңілінен шығу үшін 1 жыл бойы 300-ге жуық қызметкер тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде «24 КZ» нақты, сенімді әрі жылдам ақпарат тарататын медиа құралға айналды.