«Жаңаөзен мәселесі бойынша құрылған комиссия есеп берді» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-та 2011 жылдың қорытындысы мен биылғы жылға арналған міндеттер бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Өткен жылы компанияда жүк айналымы 4,8 пайыз, жолаушы айналымы 5,3 пайызға өскен. Сонымен қатар ел үшін аса маңызды темір жолдар мен өндіріс орындары пайдалануға берілген. «Негізінен, компания өндірістік бағдарламалары бойынша жоспарлы көрсеткіштерді толығымен орындады. Бұған ел экономикасының тұрақты өсуі ықпал етті. Ұжымның ынтымақты еңбегінің нәтижесінде темір жол саласы ырғақты дамуда», - деп атап өтті кеңесте «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин. Ұлттық компанияның атқарған істері мен жетістіктері жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Теміржолшылар табысы» атты мақаладан толығырақ білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, кеше ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Оған келген қонақтар Ішкі әскердің бөліністері жарақталған заманауи техника мен қару-жарақ түрлерімен, байланыс құралдары және әскери қызметшілердің киім-кешек үлгілерімен танысты. Әскердің алғашқы құрылу кезінде басы-қасында болған және оның дамуына зор үлес қосқан ардагер-генералдарға, сондай-ақ аға буын дәстүрін жалғастырушы - бүгінгі жауынгерлер мен спортшыларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды. «Үздік взвод командирі, командирдің үздік тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, үздік рота командирі» және «Үздік рота старшинасы» байқау-конкурстарының қорытынды кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Ішкі әскердің 20 жыл ішінде атқарған істері жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жиырма жылдық жетістік жарияланды» атты мақаладан оқыңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Жаңаөзенде кәсіпкерлікті дамыту бойынша да үлкен жұмыстар атқарылуда. «Даму» қорының ұйымдастыруымен Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту орталығы құрылған. Комиссия зардап шеккен сауда орталықтарының басшыларымен кездескен. Оларға барынша жеңілтетілген түрде несие беру мәселесі қарастырылған. Комиссияның шешімі бойынша түрлі жеңілдіктермен 5 миллион теңгеге дейін несие берілетін болады.
Қысқасы, бес үкімет қаулысы дайындалған. Соның бірі - Маңғыстау облысы үшін әр өңір 100 миллион теңгеден жылу жинау керек. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңаөзен мәселесі бойынша құрылған комиссия есеп берді» атты мақаладан білуге болады.
Осы басылымның жазуынша, «KAZENERGY» ашқан қор қаражаты әлеуметтік жобаларға жұмсалмақ». Осындай тақырыппен жарияланған мақалада Жаңаөзендегі төтенше жағдайдан кейін еліміздің мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының «KAZENERGY» қауымдастығы да зардап шеккен азаматтарға көмек беру үшін арнайы есепшот ашқандығы айтылады. «Қазіргі кезде осы саладағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Қазгермұнай» ЖШС, «Қазақстанның мұнай-газ институты» АҚ, «Каспий МұнайГаз» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және тағы басқа ірі компаниялар жаңаөзендіктерге көмек есепшотына миллиондап ақша аударып жатыр. Ол қаражаттың тағдыры әлі шешілмеген»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, үкіметтік комиссияның бағалауынша, Жаңаөзендіктердің өмір сүру жағдайы қатаң бақылауда. Әрине, мұнда қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыпқа келтіру үшін біраз шаралар атқару қажет болады. Бұл мәселе Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің басшылығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Үкімет өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінде Жаңаөзенді қалпына келтіру үшін барлық шаралар атқарылуда. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев бұл ретте қаланы тазалау жұмыстары белгіленген мерзімде талапқа сай орындалғандығынан хабардар етті. Қазіргі таңда 41 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Шетпе ауданының вокзалы мен Теңге ауылының әкімдігі жаңартылды. Аймақта атқарылып жатқан өзге де істер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Приняты важные решения. Правительственная комиссия отчиталась о ходе востановительных работ» атты мақалада.