Жаңаөзен тірлігі қалыпты арнаға түсті, қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірі басты назарда

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат (Марлан Жиенбай) - Қазақ үшін, барша Қазақстан халқы үшін ұлық мереке аталып өтілетін 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күніндегі Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғалар елді елең еткізді.

Жаңаөзен тірлігі қалыпты арнаға түсті, қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірі басты назарда

Бағзы заманнан еңбек дауы тұрмақ жер дауы, жесір дауын да бейбіт жолмен, би-шешендердің кесімді сөзімен шешкен ата-бабаларымыздың естілігін ескерсек, Тәуелсіздік күні қолына таяқ алып есірген, бейбіт жұрты дүрліктірген, жолында кездескен ғимараттар мен көліктерді өртеп, тонаушылыққа барған басбұзарлардың әрекеттеріне қынжыласың. Әрине, дүниежүзін шарпыған қаржы дағдарысы салдарынан әлемнің түпкір-түпкірінде орын алып жатқан оқиғалардың бар екендігі де рас. Дегенмен, егемендік алып, экономикасын көтеріп, етек-жеңін енді мығым қымтауға мүмкіндік алып отырған, қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің, халықтар достығы мен ұлтаралық бірліктің ордасына айналған еліміздің 20 жылдық мерейтойындағы бұл келеңсіз оқиға шалқыған көңілімізге қаяу салды.

Жаңаөзен мен Шетпе стансасында орын алған тәртіпсіздіктерге тағы бір көз салайық. 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесін тойлауға қаланың басты алаңына жиналған халықтың шырқын 800-ге жуық елірген басбұзарлар бұзды. Полиция қызметкерлерінің құқық бұзушылардың әрекеттерінің жолын кесуге ұмтылысын елемеген олар құқық қорғаушыларға шабуыл жасап, жаңа жыл шыршасын төңкерді, мерекеге орай тігілген киіз үйлер мен сахнаны бұзды, полиция автобусын өртеп жіберді. Осылайша туындаған жаппай тәртіпсіздікті бастаушылар мерекеге жиналғандарды ұрып-соқты, алаңның жанында қойылған автокөліктерді қиратуға кірісті. Жаппай тәртіпсіздік барысында 46 нысан өртелді, оның ішінде «Халық банкі» мен «Альянс банкінің» филиалы, 20 дүкен, екі кафе, бір нотариус кеңсесі, екі ломбард, Жаңаөзен қалалық әкімдігі мен Теңге кентінің әкімдігінің ғимараты, бір фотосалон, полицияның екі бекеті, «Ару ана» қонақүйі, «Өзенмұнайгаз» компаниясының ғимараты, үш жекеменшік үй, 20-дан астам автокөліктер өртеліп, зақымданды. 17 желтоқсанда Шетпе стансасында жалғасқан тәртіпсіздіктер барысында басбұзарлар 369 жолаушысы бар Маңғышлақ-Ақтөбе бағытындағы №309 пойыздың жолын бөгеді. Соның салдарынан 7 жолаушылар және 9 жүк пойызы тоқтатылды. Полиция қызметкерлерінің темір жолды босату және қылмыстық әрекеттердің жолын кесу үшін қабылдаған шараларына қарсылық танытқан топ жүк пойызының тепловозын өртеп жіберіп, вагондарға жанғыш қоспалары бар шөлмектер лақтырды. Осы сәтте кент тарапындағы вокзал маңындағы алаңнан тағы 150-200 адам келіп, полиция қызметкерлерін қоршауға алып, оларды таспен және жанғыш қоспалары бар шөлмектермен атқылай бастады. Қас қарая теміржол жұмысшыларына шабуыл жасап, жұмысқа қажетті бұйымдарын тартып алған топ Сай-Өтес- №9 разъезд аралығындағы 180-ші шақырымдағы теміржолды бұзды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы күшейтіліп, толық көлемде жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 8 адам тұтқындалып, тағы 19 азамат күдікті ретінде ұсталды, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру амалдары жүргізілуде. Жалпы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасынындағы тәртіпсіздіктер барысында 110 адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 73-і амбулаторлық ем қабылдауда. 15 адам, оның 14-і Жаңаөзенде, біреуі Шетпеде қаза тапты. 17 полиция қызметкері жарақат алды. Қазіргі уақытта өңірдегі жағдай тұрақталып, қалада шолғыншылық қызмет жолға қойылды.

Бұл биліктің қатаң шараларды қолға алғаннан кейінгі жағдай. Есте болса, осыдан үш күн бұрын жағдайдың ушығып тұрғанын ескерген Елбасы халыққа сөз арнап, Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай режімін енгізуге мәжбүр болды. Қаладағы тәртіпті қалпына келтіру үшін қарумен және арнайы техникамен жабдықталған ішкі әскерлер мен полицияның қосымша құрылымдары тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың басшылығымен жедел-тергеу тобы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына дереу аттанды.

Бүгін аталған топ пен үкіметтік комиссияның 3 күнде атқарған жұмыстарын талқылауға арналған Үкімет отырысы өтті. Жиын барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың отбасына Үкіметтің атынан және өз атынан көңіл айтты. Қазақстандағы тұрақтылықты нығайту мәселесіне де тоқталып, «бұл баршамыз үшін үлкен сабақ, осыдан тиісті қорытынды шығару қажеттігін» де ашық атап өтті. Үкімет отырысына Ақтаудан тікелей бейне байланыс арқылы қосылған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің атап өтуінше, қала халқымен кері байланыс орнатылып, шамамен 300 адам қатысқан үлкен жиын өткен. Онда Үкімет пен билік тарапынан қабылданып жатқан шараларды түсіндіру және насихаттау бойынша негізгі міндеттер нақтыланған. Сонымен қатар қаланың еңбек ардагерлерімен, құрметті ақсақалдарымен, «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнайгаз» компанияларының жұмыстан шығарылған жұмысшыларымен кездесулер ұйымдастырылған.

«Біз ереуілге шыққан мұнайшылармен Ақтау қаласының орталық алаңында кездестік. Бізбен кездескендердің басым көпшілігі бұзақылық пен адам өліміне кінәлі тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерін түбегейлі айыптайтындығын баса айтқым келеді. Сонымен қатар, қылмыскерлерді жазалауға қатаң шараларды құптайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бұған дейін жұмыстан шығарылған «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнайгаз» компанияларының 1800-ге жуық жұмысшысын еңбекпен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл ретте өңірде жүрген үкіметтік комиссия аталған проблемамен қазірдің өзінде айналысып, нақты тетіктерін де әзірлеп отыр. «Болжамды келесі іс-әрекет жоспары мынадай: жұмыстан босатылған жұмысшыларға республиканың ірі кәсіпорындарынан, атап айтқанда, тау-кен және мұнайгаз салаларына басымдық беріле отырып, олардың бұрынғы жалақыларының 80-90 пайызы шегіндегі айлықпен жұмыс ұсынылады», - деді ол.

Ө.Шөкеевтің атап өтуінше, олар келіскен жағдайда көшу, орналасу және қажетті баспанамен қамтамасыз етумен байланысты шығындарын өтеу мәселесі де қарастырылуда. Бұл орайда «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының тетіктері кәдеге асуы мүмкін. Ол үшін Жұмыспен қамту бағдарламасының еңбек ресурстарын көшіру бөлігі бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет болады.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бірінші орынбасарына жұмысқа орналастырылатын мұнайшылардың тізімін әзірлеуді тапсырды. «Мен өз еркіммен барлық қажетті шешімдерді қабылдаймын. Бұл басты мәселе. Біз бүгін, тіпті болмағанда ертең таңертең қажетті шешімдерді қабылдайық. Мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты шешімді қабылдаймыз, ал мемлекеттік емес кәсіпорындарға қатысты барлық мәселелерді ерікті-мәжбүрлі түрде қабылдайтын боламыз», - деді Премьер-Министр.

Үкімет пен биліктің шұғыл арада қабылдаған шараларының нәтижесінде қазіргі сәтте Жаңаөзен қаласындағы жағдай тұрақталып, қала тіршілігі бейбіт арнаға түсті, сауда орындары ашылып, азық-түлік тапшылығы байқалмайды. Осы ретте қала халқын үздіксіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазагро» холдингі тарапынан 570 млн. теңге қаржы бөлінгенін де атап өткен орынды.

Үкімет отырысында Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктің салдарын жою мақсатындағы шаралар жоспарын қарастыратын 4 бірдей қаулы қабылданды.

Айта кетерлігі, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысы қалпына келтіріліп, өндірістік нысандардың және қызметкерлердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бүгін жұмысшылардың 80 пайыздан астамы жұмысқа шықты. Ал кеше бұл көрсеткіш не бәрі 37 пайыз ғана болатын. Яғни, өндіріс біртіндеп өз арнасына түсіп келе жатыр.