Жаңаөзенде 6,5 мың адам жұмысқа орналасты
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ең өзекті мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 11 060 адам хабарласып, олардың 6541-і еңбекке орналастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Мақсат Ибағаров мәлім еткендей, 6541 адамның 4596-ы тұрақты жұмысқа, 1443-і қоғамдық және 230-ы әлеуметтік жұмысқа орналастырылды. 272 адам жастар тәжірибесі бойынша жіберілген. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 1169 орынға көп.
«Ал 2020 жылы 4725 жұмыс орны құрылатыны жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражаты есебінен «Өзенинвест» МКК-да штат бірлігін ұлғайту арқылы қосымша 350 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар есебінде тұрған азаматтар жұмыспен қамтылды. Олардың қызметінің негізгі бағыты - қаланы абаттандыру, спорт, балалар ойын алаңдары мен саябақтарын абаттандыру, күтіп ұстау», - деді Мақсат Ибағаров.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 144 адам жолданып, соның 115-і оқуларын аяқтаған, 78 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша 680 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, сертификаттарын алды. 150 адам қайтарымсыз грантқа ие болып, 17 адамға несие берілді. «Нұр-капитал» бағдарламасы аясында 1,4 млрд теңгені құрайтын 70 жоба мақұлданып, 608 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.