Жаңаөзенде атышулы оқиғаға байланысты сот ісі басталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қалалық сотында осыдан 6 ай бұрын Теңге ауылы маңында болған тепловоз бен «Газель» көлігінің соқтығысуына кінәлілерге қатысты сот ісі басталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Сол апат салдарынан 9 адам қаза тауып, 27-сі түрлі жарақаттанған болатын.
Әзірше «Қазақстан темір жолы» Жаңаөзен өткел кезекшісі Е.Т. есімді азамат күдікті саналып отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабы 3-бөлігімен іс қозғалды.
Жаңаөзен қалалық сотының мәлімдеуінше, сотқа дейінгі жүргізілген тергеуде анықталғандай, 25.11.2017 жылы сағат 12.00 шамасында кезекшілігінде тұрған Е. Т Өзен станциясына қарай 65 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан тепловозға қауіп жоқтығы туралы белгі берген. Осы кезде теміржол өткелінде автоматты түрде дыбыс сигналы және бағдаршам іске қосылған. Алайда, кезекші шлагбауымды тірегішіне сыммен байлап тастағандықтан, шлагбаум түспеген және өткел бөгет құрылғысы (УЗП) көтерілмеген.
Е.Т. мас күйінде дыбыс сигналының қосылғанына қарамастан шлагбаумды төмен түсіруге әрекеттенбеген.
Салдарынан Жаңаөзен қаласынан Теңге кентіне қарай теміржол өткелінен өтіп бара жатқан №3 бағдарындағы жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗ-322132» маркалы автокөлік тыйым салынған жол белгісіне өтіп кетіп, тепловозбен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 9 адам ауыр дене жарақаттарынан көз жұмған және 27 адам ауруханаға жеткізілген.