Жаңаөзенде азық-түлік тапшылығы байқалмайды - Ө.Шөкеев
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жаңаөзенде азық-түлік тапшылығы байқалмайды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейне байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Біз қазір ғана қалада болдық, сауда нүктелері өз жұмыстарын бастап, қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Қазіргі күні азық-түлік тапшылығы байқалмайды, сонымен қатар баға өсімі білінбейді. Дегенмен ет өнімдерінің қосымша көлемін жеткізуде іркілістер бар», деді ол.
Оның айтуынша, өңірде жұмыс істеп жатқан үкіметтік комиссия ет өнімдерімен қамтамасыз етуге жауапты ретінде «Каспий» ӘКК-ін, әкімдікті және Ауыл шаруашылығы министрлігін бекіткен. Наубайханалар қажетті ұнмен қамтамсыз етіліп, нан өімдерін жеткізуде проблемалар туындап отырған жоқ.
«Әкімдік, «Каспий» ӘКК және «ҚазМұнайГазға» күнсайынғы азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру тапсырылды және бұл мәселе біздің комиссияның тұрақты назарында болады», - деді Ө.Шөкеев.
Бірінші вице-премьердің баса айтуынша, қала халқын үздіксіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазагро» холдингі тарапынан 570 млн. теңге қаржы бөлінген.