Жаңаөзенде болған жаппай тәртіпсіздік оқиғалары сайлау үдерісіне ықпал ете алмайды - ОСК төрағасы
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жаңаөзенде болған жаппай тәртіпсіздік оқиғалары және онымен байланысты елде атқарылып жатқан шаралар 2012 жылға жоспарланып отырған сайлау үдерісіне ықпал ете алмайды.
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысынан соң журналистермен болған баспасөз мәслихатында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты Мемлекет басшысының Жарлығымен аталмыш қалада төтенше жағдай енгізілді. Бұл Жарлық 2012 жылдың 15-ші қаңтарына жоспарланып отырған сайлауларды өткізуге тыйым салмайды. Яғни Жаңаөзен қаласының аумағында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы 2012 жылдың 15-ші қаңтарында өтеді. Осыған байланысты біз Жарлықпен белгіленген шектеулерді ескере отырып, кандидаттар мен сайлаушылардың құқықтарын қамтамсыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отырмыз және олар адам құқықтары саласындағы қол қойған құжаттарға қайшы келмейді»,-деді ОСК төрағасы.
Оның сөзінше, Жаңаөзенде енгізілген шектеулер адамның азаматтық және саяси құқықтары жөніндегі халықаралық акті бекіткен абсолютті құқықтар мен бостандықтарын шектемейді. «Тек сайлауалды үгіт жүргізу тәсілдерінің аясын белгілі бір дәрежеде тарылтады. Сонымен қатар депутаттықтан кандидаттардың үгіт жүргізу нысандары мен әдістерін таңдау белгілі бір дәрежеде шектеулі жағдайда болады. Атап айтқанда, қала аумағында негізінен сайлауалды үгітті бейбіт жиналыстар мен митингілер, шерулер түрінде өткізу шарасы шектеледі. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт науқаны толық көлемде жүргізіледі. Осыған байланысты біз мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлаушылармен кездесуге арналған бюджет қаражатын бұқаралық ақпарат құралдарында қосымша үгіт материалдарын жариялау және баспа өнімдерін шығару үшін пайдалануларына рұқсат еттік.