Жаңаөзенде ірі жол апатынан қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде ГАЗель мен тепловоздың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Жаңаөзенде ірі жол апатынан қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр

Ресми дерек бойынша, 9 адам қаза тауып, 27 адам, соның ішінде 3 бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 8-і ауыр халде.

Маңғыстау облыстық ІІД  баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір көз жұмғандар мен зардап шеккендердің жеке басы анықталып жатыр.

Айта кетейік, жол апаты Маңғыстау жол бөлімінің Өзен-Болашақ теміржол өткелінде болған. ГАЗель көлігінде 36 жолаушы болған. ҚТЖ хабарлағандай, тепловоз машинисі 60 км/сағ жылдамдықпен келе жатып жолдағы автомобильді көреді және шұғыл тоқтайды. Алайда, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.

«Қазіргі таңда ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат бере алмаймыз», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Жазира Әбіл.