Жаңаөзенде коронавируспен ауырған соңғы науқас емделіп шықты
«Жаңаөзендегі инфекциялық госпитальде 200-ден астам науқас ем қабылдаған. Коронавируспен ауырған соңғы науқас емделіп шықты. Дегенмен, дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені, қазір провизорлық орталықта 10 адам пневмония диагнозымен ем қабылдап жатыр», делінген хабарламада.
Дәрігерлер адам көп жиналатын жерлерге барудан бас тартуды, күзде тұмау маусымы кезінде сақ болуды ескертеді.
«Әлде де босаңсуға болмайды. Себебі, коронавирус инфекциясының шілде, тамыз, маусым айларында халыққа тиген зардабын шет жағасын көрдіңіз. Соны қайталамау үшін біз қазіргі таңда сақ болуымыз қажет. Адам көп шоғырланатын жерлерде той-садақаларға халықтың әлде де бармағаны дұрыс. Күзде жедел респираторлы инфекциямен қосылып коронавирусты инфекциясы таралады деген болжам әлі де сейілген жоқ», - Жаңаөзен қалалық бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жаңабай Оңайбаев.
Қазір Жаңаөзенде провизорлық стационарлардың материалдық-техникалық базаларын жақсарту жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта «Мұнайшы» клиникасында 60 төсек провизорлық стационар жасақталады. Онда компьютерлік томография мен рентген аппараты сатып алынып жатыр. Бұл мақсатқа демеушілер есебінен 1 млрд 246 млн теңге қарастырылған.