Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы еңбек келіспеушілігін шешу жөніндегі бітімгерлік комиссиясының жұмысы аяқталды
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы еңбек дау-дамайын шешу жөніндегі бітімгерлік комиссиясының жұмысы аяқталды,
деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Комиссияның жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин, Парламент Мәжілісінің депутаттары Зейнолла Алшынбаев пен Серик Оспанов, Мұнай және газ вице-министрі Ләззат Қиынов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Болат Ақшолақов қатысты.
Бітімгерші комиссияның мүшелері ереуілге қатысушылардың ресми талаптарының тізбесін қарап шықты. Санкцияланбаған наразылық шарасына қатысқан «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының жұмысшылары жалпы есеппен 14 талап қойған. Барлық талаптар бойынша тиісті хаттамалық шешімдер қабылданды.
Атап айтқанда, жаңа еңбек жүйесін асу үрдісі тоқтатылды, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мен жұмысшылардың арасындағы жаңа ұжымдық келісімшартта көтерме аумақтық коэффициентті қолдану мәселесі қарастырылды, бұрын қолданыста болған аудандық коэффициентті қалпына келтіруге қатысты сәйкес заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы бітімгерші комиссияның атынан уәкілетті мемлекеттік органдарға өтініш жасау туралы шешім қабылданды.
Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев наразылық акциясына қатысушылардың алдында бітімгерші комисссияның мүшелерінің атынан сөз сөйледі. Бітімгерші комиссия қабылдаған шешімдер туралы ақпарат жұмысшылардың назарына жеткізілгеннен кейін, ереуілшілер қабылданған шешімдерге қанағаттанарлық білдірді және жұмыстарына оралу үшін тарасты.
Қазіргі таңда өндірістік филиалдағы барлық жұмыстар қайта жанданды.