Жаңаөзенде Ж. Қарабалаеваның өліміне күдіктілердің бірі оның сыныптасы болып шықты - ІІМ
Айта кетейік, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 28 қазанда аталған қылмысты жасауға күдікті ретінде жәбірленушінің сыныптасы ұсталды. «Тергеу барысында күдіктінің 19 тамызда кешкісін өз туған күнінде ішімдік ішіп, өз жолдасымен бірге «Ниссан-Патрол» автомашинасында келе жатып, автомектептің жанында сыныптасы Қарабалаеваны кездестіргені анықталды. Бойжеткен өзін Жаңаөзен қаласының маңындағы Теңге ауылына жеткізіп тастауды өтінген», - деді ол. Алайда күдіктілер Ж.Қарабалаеваны Жаңаөзен қаласының ескі әуежай ауданына алдап апарып, күш қолданып зорлаған. Осыдан кейін қылмыстарын жасыру мақсатында оны өлтіріп, денесін сол жерде қалдырып кеткен.
«Қыздың сыныптасы бұрын қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен қаланың ІІБ-ге жеткізілгені анықталды. Қазіргі кезде күдіктілерге қатысты сот-биологиялық, геномдық сараптамалар тағайындалды», - деді ресми өкіл.
Еске сала кетейік, БАҚ өкілдері оның өлімі ереуілге шыққан мұнайшылардың белсендісі болған Жансәуленің әкесінің қызметіне тікелей байланысты болуы мүмкін деген жорамалдарды жариялап та үлгерген болатын.
«Атап айтқанда, бұл қылмысқа әкесінің қызметінің еш қатысы жоқ. Дәйекті дәлелдердің нәтижесінде күдіктілер қылмысты жасағандарын мойындады», - деді Н. Ораз.