Жаңаөзенде жаңартылған ХҚКО ашылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Жаңаөзен қаласында NEW CON ашылып, цифрлық кеңсе пайдалануға берілді.
Аталған ХҚКО қызмет көрсетуді жаңа форматта көрсетеді. Мәселен, ыңғайлылық үшін орталықтағы қызмет көрсету аймақтары белгілі бір түстерге бөлінген. Бұл бөлімде жылдамдық, әлеуметтік қызмет, құжаттандыру, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы мен дайын құжаттарды беру аймағы қарастырылған.
«Бұл орталық Маңғыстау облысында ашқан жаңғыртылған екінші ХҚКО. Бұған дейін Мұнайлы аудандық ХҚКО-ға жөндеу жұмыстары жасалып, пайдалануға берілген болатын. Бүгінде азаматтар бұл бөлімде мемлекеттік қызмет алудың ыңғайлылығын бағалап үлгерді. Сондай-ақ, қызмет көрсету уақыты да айтарлықтай қысқарды», - деді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Айбек Мұзбаев.
Бүгінде Жаңаөзен қаласында 150 мыңға жуық азамат тұрады. Аталмыш ХҚКО-ға күнделікті 300-ге жуық тұрғын келеді деп болжанып отыр.
Айта кететін жайт, Жаңаөзен қаласының ХҚКО-сы дүйсенбі-жұма күндері аралығында 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қосымша сұрақтар бойынша мемлекеттік корпорацияның «1414» біріңғай байланыс орталығы тұрғындар қоңырауына жауап береді.