Жаңаөзенде жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасында 132 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 1 дәрігер, 1 аға фельдшер, 70 фельдшер, 48 жүргізуші және басқа мамандар — барлығы 11 бригада бар. Жұмыс тәулік бойы ауысыммен жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жедел жәрдем шақыратын қоңырау телефонға емес, жұмыс планшетіне түседі.
Жаңаөзендегі жедел жәрдем бөлімі заманауи құрал-жабдықпен қамтылған.
«Бүгінде жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бір күнде орталыққа 90 қоңырау шамасында түседі. Бір күнде бір бригада 8-ден астам шақыртуға қызмет көрсетеді. Әр маман өз міндетіне жауаппен қарайды. Себебі, адам өмірін құтқару біздің мамандардың қолында», - деді Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының бөлім меңгерушісі Сара Орынбаева.

Мамандар бірінші деңгейдегі шұғыл шақыртуға 10 минутта, екінші деңгейге 15 минутта, үшінші минутта 30 минутта жетуі тиіс. Төртінші деңгейдегі шақыртуға 1 сағаттың ішінде баруы қажет.
Еске салайық, Маңғыстау облыстық жедел жәрдем қызметінің 14 шағын стансасы бар. Күн сайын 52 бригада шақыртуға барады.


Авторы: Аружан Саптарова