Жаңаөзендегі әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, қоғамдық тәртіпсіздікті бұзу әрекетіне әкеп соқтырды - Қайрат Мәми

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңаөзендегі әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, қоғамдық тәртіпсіздікті бұзу әрекетіне әкеп соқтырды.

Жаңаөзендегі әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, қоғамдық тәртіпсіздікті бұзу әрекетіне әкеп соқтырды - Қайрат Мәми

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Сенат төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлімдеді. «Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның негізінде сот арқылы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен және жұмыс берушілермен реттелуге тиісті қатардағы еңбек дауы жатыр. Бірақ осы әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, қоғамдық тәртіпсіздікті бұзу әрекетіне әкеп соқтырды. Менің ойымша, сол топ өздері тасада тұрып, әлі буындары қатпаған, ақыл-ой саналары әлі қатпаған жастарды қылмыстық әрекеттерге итермеледі. Өкінішке қарай, соның салдарынан бірнеше адам қаза тапты», - деді Қайрат Мәми. Сонымен қатар спикер Жаңаөзенде болған оқиғаны ұйымдастырушылар мен нақты тәртіп бұзушылар қатаң жауапкершілікке тартылып, тиісті жазасын алатынын атап өтті. Сондай-ақ Сенат төрағасы жаңаөзендіктерді, ақтаулықтарды және бүкіл маңғыстаулықтарды сабырлылық сақтауға шақырды. «Отанымыздың тұрақты дамуының кепілі - елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылық». Мұны үнемі есте сақтауымыз керек»,- деді Сенат төрағасы.