Жаңаөзендегі оқиғаға сыртқы күштердің қатыстылығы тексеріледі - Бас прокуратура
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңаөзендегі оқиғаға сыртқы күштердің қатыстылығы тексеріледі.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік сыртқы күштердің қатысымен алдын ала ұйымдастырылған шара деген сөздер айтылуда. Соңғы кездесулерде де айтқан едім, біз оның барлығын бүгінде жоққа шығармаймыз. Сыртқы күштердің бұған қатысы да тергеу барысында тексерілетін болады. Егер де ол қуатталып жатса, біз хабарлаймыз»,-деп атап өтті ресми өкіл.
Н.Сүйіндіков өз сөзінде Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік барысында 14 адамның қаза болғанын нақтылады. Олардың жеке бастарын анықтау жөніндегі жұмыстар аяқталды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейне байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер барысындағы шығын 1, 9 миллиард теңгені құрайтынын жеткізді.
Тәртіпсіздіктер барысында 41 нысанның, оның ішінде әкімдіктердің 5 ғимараты зардап шекті. «Біздің алдын-ала есептеуіміз бойынша, оларды қалпына келтіру үшін шамамен 770 млн. теңге қажет», деді Ө.Шөкеев.
«Қазмұнайгаз БӨ» АҚ-ның 3 ғимараты бүлінген. Қалпына келтіру үшін 1 млрд теңгеден астам қаржыны қажет етеді. Ал 29 коммерциялық нысан мен банк ғимараттарын жөндеуге 250 млн теңге, 2 тұрғын үйге 3 млн теңгеден астам қаржы қажет. «Толықтай алғанда, біздің алдын-ала есептеуімізге сәйкес, аталған нысандардың шығын көлемі 1, 9 млрд теңгені құрайды», деді ол.