Жаңаөзендіктер Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өнерін тамашалайды
АЛМАТЫ. 6 қараша. ҚазАқпарат - Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 19-23 қараша күндері Жаңаөзен қаласына гастрольдік сапармен барады.
Қала тұрғындары мен қонақтары алматылық өнер ұжымының қойылымдарын «Мұнайшы» мәдениет сарайында тамашалайтын болады. Олардың арасында Ш. Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» драмасы, С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы, С. Сматаевтың «Көгілдір такси» мелодрамасы, Э.Хушвақтовтың «Сүйе білсең...» лирикалық комедиясы мен Т. Теменовтың «Карменсита» деп аталатын «Кармен» повесіне фантазиясы және Ө.Боранбаеватың балаларға арналған «Ер көжек» музыкалық ертегісі қойылады.
Бұған дейін өнер ұжымы 21-27 қазан күндері Алматыда өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV халықаралық театр фестиваліне қатысқан болатын. Онда Литваның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Литва орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Йонас Вайткус бастаған қазылар алқасы «Карменсита» қойылымынан Жанар Мақашеваны «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша, ал Ерлан Тұяқовты «Үздік сценография» аталымы бойынша озық деп таныған еді.