16:14, 23 Қараша 2014 | GMT +5
Жанар Дұғалова ән айтып жатқанда мен Қазақстан үшін қатты қуанып отырдым - Баян Есентаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жанар Дұғалова ән айтып жатқанда мен Қазақстан үшін қатты қуандым. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде әнші Жанар Дұғалованың «Turkvizyon-2014» халықаралық ән байқауында жеңіске жетуіне орай ұйымдастырылған брифингте белгілі қазақстандық продюсер Баян Есентаева айтты.

«Біз барлық жауапкершілікті әуел бастан барынша түсіндік, сондықтан конкурсқа жақсылап дайындалып, тек қана жеңісті мақсет еттік. Жанар ән айтып жатқан кезде мен Қазақстан үшін керемет қуанышта болдым. Жанар дер кезінде өзін-өзі сабырға келтіріп, әнін шырқап, дегеніне жетті", - деді Баян Есентаева.
Айта кетейік, финалда үшінші болып өнер көрсеткен Жанар Дұғалова 225 ұпай жинады. Ол байқауда Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған төл туындысы "Ізін көрем" әнін орындады.
Жанар жартылай финалдан соң үшінші орында тұрған болатын. Ол ақтық сайыста екінші орындағы Татарстан әншісінен 24 ұпай артық жинады.