Жанар май құю стансасын тонаған қылмыскер жедел уәкілге пара беру кезінде ұсталды

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
22 маусымда қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкіліне 100 мың теңге беру үстінде бір азамат ұсталды. Оның өткен жылдың ақпан айындағы жанар май құю стансасына жасалған қарақшылық шабуылға қатысы бар екендігі және қылмыстық топтың мүшесі болып табылатындығы дәлелденді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр ақпан айында белгісіз 4 адам қару қолдана отырып, жанар май құю стансасынан 13 мың теңге қаржатты ұрлап кеткен болатын. Жедел іс-шаралар өткізу барысында екі күдікті ұсталды, олар 2012 жылдың сәуірінде 12 және 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.