Жанар маймен жүретін автокөліктерді газға көшіруде әр елдің өз тәжірибесі бар - Әзизхан Елемесов
АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жанар-жағармаймен жүретін автокөліктерді газға көшіруде әр елдің өз тәжірибесі бар. Бұл Алматыда өтіп жатқан "Көлік табиғи газбен - Қазақстан" деп аталатын форумда айтылды.
"Автокөлікті газға ауыстыруда біз кеңестік республикалар арасында соңғы орында болатынбыз. 80 -ші жылдары салынған ескі газ құю стансаларының қызметін Оралда - 23, Таразда - 30 көлік қана пайдаланады. Сондықтан біз бұл жобаны қолған алған кезде алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Украина тәжірибесін зерттедік", - дейді "ҚазТрансГаз" АҚ-ның Инвестициялық департаменті директорының орынбасары Әзизхан Елемесов. Оның айтуынша, жанармаймен жүретін автокөліктерді газға көшіру жобасын олар Алматы қаласы әкімдігі мен BG Қазақстан компаниясымен бірлесіп жүргізуде. Қазір оған "Колон" компаниясы қосылып отыр.
"Отын ретінде табиғи газды пайдалануда әр елдің өзіндік тәжірибесі бар. Өзбекстанда оған экономикалық фактор түрткі болып отыр. Онда 1 текше метр табиғи газдың бағасы 28 теңге, ал сапасы төмен бензин 100 теңге. Сондықтан газға көшуде ешкімді күштеудің қажеті жоқ. Ал өзге елдерде оған мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер жасалып, көлік салығынан босату, кедендік алымнан босату қарастырылған", - дейді Ә. Елемесов.