Жанар-жағармай бағасы еркін нарыққа берілсе, азық-түлік қымбаттауы мүмкін бе — АШМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда елімізде бензин мен дизель бағасын мемлекет реттемеуі мүмкіндігі айтылды. Осы орайда жанар-жағармайдың бағасы реттеу еркін нарыққа берілсе, азық-түлік бағасының қымбаттау қаупі бар ма? Бұл сауалды Ауыл шаруашылығы вице-министріне қойған едік.

Жанар-жағармай бағасы еркін нарыққа берілсе, азық-түлік қымбаттауы мүмкін бе
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

— Биыл шаруаларға 847 мың тонна дизель керек, оның орташа есеппен 445 мың тоннасы көктемгі егіс жұмыстарына, қалғаны күзде егінді жинауға қажет. Жанар-жағармайдың баға өзгерісі азық-түліктің бағасына өндіріске кеткен шығынға байланысты әсер етеді. Сол себептен жанар-жағармайдың бағасының өсуі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсерін тигізеді. Бірақ, қаншалықты әсер етеді, дәл қазір белгісіз. Өйткені, біз Энергетика министрлігінің бағаны бекітуін күтіп отырмыз, содан соң нақты есебін шығарамыз, — деді Ермек Кенжеханұлы Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Вице-министрдің айтуынша, былтыр шаруаларға дизельдің литрі 250 теңгеден сатылды. 

— Қазір біз сол бағаны сақтап қалу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Не болғанда да Энергетика министрлігі бізге нарықтағы бағадан төмен құнмен береміз деген келісім бар, — деп сендірді министрдің орынбасары.

Айта кетсек, Энергетика министрлігі бірер күн бұрын елімізде бензин мен дизель бағасын мемлекет реттемеуі мүмкіндігі туралы хабарлаған еді. 

Соңғы жаңалықтар