Жанар-жағармай бағасын әлемдік нарықтағы бағадан төмен ұстау үшін арнайы заң керек

АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде жанар-жағармай бағасын әлемдік нарықтағы бағадан төмен ұстау үшін арнайы заң керек.
None
None
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жылдың алғашқы жартыжылдығында жанар-жағармай бағасы біршама өсіп, ал тамыз айында баға біршама түскен болатын. Дегенмен өткен жылы әлемдік жағдайларға байланысты баға динамикасы құбылып отырды. Сонымен бірге бұл салада бағаны тұрақтандыру мақсатында меморандумдар жасалып, баға тұрақтылығына ол да біраз септігін тигізді. Сондықтан да біз биыл Парламентке арнайы заң жобасын енгізу арқылы ішкі нарықтағы мұнай өнімдері айналымын тәртіпке келтіріп, бірқатар мәселені шешу қажет деп білеміз. Мұндай заң жобасының негізгі идеясы ішкі нарықты толық көлемде жанар-жағармай өнімдерімен және олардың бағасын әлемдік бағадан төмен етіп қамтамасыз етуінде. Сондай-ақ Салық кодексіне сәйкес ішкі және сыртқы нарыққа мұнай өнімін жеткізу барысында салық салудың деңгейі түрлі болуын қамтамасыз етуге тиіспіз», - деді С. Мыңбаев. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс оңайға түспейтін көрінеді. Мәселен, бүгінгі күні Қазақстанда өңделетін мұнай өнімдерінің жартысына жуығы және елдегі мұнай импортының басым бөлігі Ресейден келеді. «Сондықтан да біз сыртқы бағаға тәуелділіктен әзірге құтыла алмаймыз. Мәселені түбегейлі шешу отандық қуат көздерін өңдеуші және құбырлық инфрақұрылымның іске қосылуына қатысты», - деді Энергетика және минералдық ресурстар министрі.
Соңғы жаңалықтар