Жанар-жағармай бағасының өсуіне оны тасымалдаушы делдалдар өз үлесін қосуда

АЛМАТЫ. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жанар-жағармай бағасының өсуіне тасымалдаушы делдалдар өз үлесін қосуда.

Жанар-жағармай бағасының өсуіне оны тасымалдаушы делдалдар өз үлесін қосуда

Бұл туралы бүгін  Алматыдағы 17-ші KIOGE 2009 қазақстандық халықаралық "Мұнай және газ" көрмесінің ашылу рәсімінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстанда жыл сайын 12 миллион тоннадан астам мұнай өңделеді. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті. Әйтсе де  нарықтағы ахуалдар оның бағасына өз ықпалын тигізуде. Мәселен, наурыз, сәуір және мамырдың алғашқы онкүндігінде елде жанар-жағармайға деген сұраныс күрт төмендеп, барлық резервтік қорлар толтырылды. Жанармайды қоймада сақтау  бағаға да өз әсерін тигізді. Сол себепті маусым-шілде айларында мұнай өңдеу зауыттарында өндіріс көлемі азайып, Шымкент мұнай өңдеу зауыты кезекті жөндеу жұмысына қойылды. Осы кезеңде, сондай-ақ  елден айтарлықтай көлемде жанар-жағармай экспортталып,  тамыз айында Алматы қаласы мен Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында оның   тапшылығы орын алды", дейді ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Ләззат Қиынов.

Оның  айтуынша, осы уақытта экспорттан пайда көрген делдалдар шекараның қайта ашылуын күтіп қор жасақтауға көшті. Бұл  жағдай бұрын да қайталанғандықтан, мәселенің  шешімін табу Үкіметтің қолынан келеді.