Жанарбек Әшімжан: Халықтың негізгі талабы – елордаға Астана атауын қайтару
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтың негізгі талабы - елордаға берілген Астана атауын қайтару. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару. Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Бір елорданың өзінде халықаралық әуежайдың, бірнеше ескерткіштің, саябақтың, оқу орнының ол кісінің есімімен аталуының өзі құрметтің белгісі. Ал халықтың негізгі талабы – кезінде өзінің пәрменімен елордаға берілген Астана атауын қайтару. Депутаттар сол себепті сайлаушылардың өтініші негізінде арнай бастама жасады», – деді депутат «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.
Осы орайда ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Пікір сан алуан, бірақ мемлекет жалғыз» деген ойды айтқанын еске салды.
«Сондықтан ел – ортақ, жер – ортақ, елорда – ортақ. «Бүгін – ерте болса, ертең – кеш. Асығу зиян болса, кешігу – қауіпті». Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік, турбулентті құбылыстарды бастан кешуде. Қазақ қоғамының да басынан алағай да бұлағай кезеңдер көшіп жатыр. Сондай кезеңдерде елдің көшін – Ер түзесе, әділетті Ердің ісін – ел жақтаса керек. Бүгінгі қоғам талқысына салынып, алуан пікірдің көрігін қыздырған мәселелердің құқықтық тұрғыдан бағасы берілу үшін осы заң жобасын қолдауға барша әріптесімді шақырамын», – деді ол.
Еске салайық, Парламентте өткен талқылаудан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.