Жанармай бағасын реттеуді жою - ішкі нарықтағы дизель отыны тапшылығына жол бермейді - сарапшы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жанармай бағаларын мемлекеттік реттеуді жою - ішкі нарықта дизель отынының тапшылығына жол бермеуге септігін тигізеді.
Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мұнайгаз саласындағы белгілі сарапшы Сергей Смирнов мәлім етті.
«Бұл жерде басты мақсат - нарықты жанармай тапшылығынан арылту. Бұған дейін жанармай тапшылығына бағаны мемлекет тарапынан реттеу арқылы жол берілмей келді. Бірақ, соның салдарынан Үкімет жиі сынға ұшырайтын», - деді С. Смирнов.
Оның айтуынша, егер жанармай тапшылығы орын алмағанда Үкімет бағаны реттеуге бас қатырып жатпас еді.
«Кезінде елімізде АИ-92 бензиніне қатысты дәл осындай тапшылық жағдайы орын алғаны белгілі. Сонда бағаны мемлекет тарапынан реттеу жүйесін алып тастау арқылы бензин тапшылығы жойылды. Яғни, Қазақстанда нарықтық экономика екені айтылып, баға еркін айналымға жіберілген еді. Дегенмен, мемлекеттің жанармай бағасын бәрібір бақылауда ұстайтыны айтпаса да түсінікті», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, 2015 жылы бензин бағасы қамбаттаған кезде, мемлекет жанар май құю бекеттерін бағаны арзандатуға мәжбүрлеген.
Қазір, сарапшының пікірінше, дизель отынына қатысты да дәл сондай жағдай қалыптасып жатыр. Егер оның бағасы алдағы уақытта қымбаттайтын болса, ол кейін міндетті түрде түседі. Бірақ, бәрібір дәл қазіргі қалыптасқа бағадан жоғары болады.
Ол сонымен қатар, бұрынғы Энергетика министрі Владимир Школьник тұсында да дизель отынына қатысты бағаны қайта реттеу мәселесі көтерілгендігін айтты.
«Биыл міне, мамыр айында Үкімет дизель отынына және АИ-80 бензиніне қатысты бағаны реттеу жүйесін алып тастау мәселесі қаралып жатқанын ашық мәлімдеді», - деді С. Смирнов.
Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстанда автокөліктерге жанармай құю стансаларында дизель отыны 1 литрі 99 теңгеден сатылып жатыр.