«Жанармай бағасының өсуіне алыпсатарлар кінәлі» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жанармай бағасының өсуіне алыпсатарлар кінәлі» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «7 пайыздық даму - жетекші бағыт» деген тақырыппен мақала басты. Мақалаға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басмылымның жазуынша, ІЖӨ-нің нақты өсуi­нің деңгейі 2011 жылы 7,0 пайыз, 2012 жылы - 6,9 пайыз, 2013 жылы - 6,5 пайыз, 2014 жылы - 7,1 пайыз, 2015 жылы 7,4 пайыз деңгейінде бағаланды, бұл 2011-2015 жылдары жыл сайын орташа 7,0 пайызға өсуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шикізаттық емес салаларды белсендi дамыту есебінен жылдық даму деңгейін 7 пайыздық мөлшерден арттыра отырып қамтамасыз етудің мүм­кіндіктері де ескерілген.

Сондай-ақ осы басылым елордада өткен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тіл - тәуелсіздікі тұғыры» атты дөңгелек үстел отырысында көтерілген мәселелерді «Қазақ тілі қайтсе қажеттілікке айналады» деген тақырыппен беріп отыр. Басылымның жазуынша, Тіл мәселесі қозғалған жи­ында елордада тұратын 70 пайыз қазақ балаларының 53 пайызы қазақ сыныптарына, 47 пайызы орыс сыныбында оқитыны алға тартылды. Тіпті, бір аралас мектептің орыс сыныбында 1000-ға тарта ұл-қыз білім алып жүрсе, соның 144-і ғана өзге ұлттың балалары көрінеді. Бұдан өзге де әттеген-айлар аз айтылған жоқ. Басты түйін, қазақ тілінің қажеттілігі ең бірінші Астанада жүзеге асса, одан кейін мәселенің бәрі шешіледі дегенге сайды.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Жанармай бағасының өсуіне алыпсатарлар кінәлі» атты проблемалық мақала жарияланды. Онда елімізде жанармайға қатысты қалыптасқан жағдай туралы түрлі сала мамандарының пікірлері негізінде сараптама жасалады. Осы мәселеге қатысты өзінің пікірін білдірген Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, көрші елдегі жағдайды пайдаланып, кәсіпкерлер жанармай құю бекеттеріне ойына келген бағаны қойып жатыр. Бірақ бұл көпке созылмайды. Өйткені оған қатысты қосымша шаралар қолға алынды. Жанармай бағасы сәл қымбат болғанымен, баяғы жылдардағыдай тым көтерілмейді.

«Қара алтынның» жілігін шағып, майын ішіп отырған шағын зауыт үн-түнсіз бар қалдығын далаға ағызып келген. Ақтөбе облысының экологтары мен сол мекемені жағалай орналасқан ірі кәсіпорын басшылары зар еңіреп отыр. Бірі суы ластанады, екіншісі көгілдір отынның күре тамырына от ұшқыны тисе қаланың күлі көкке ұшады дейді», - делінген «Айқын» газетінің бүнгінгі санындағы «Қалдық далаға ағып жатыр» деген мақалада.

***

«Балалар мектепке есек арбамен барып жүр». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен жарияланған мақалада Шымшаһардан 15 шақырым жерде орналасқан Жаңақоныс ауылының аты әдемі болғанымен, заты келіспей тұрғандығы айтылады. «Мұнда күнделікті тұрмысқа қажетті ең бірінші қажеттіліктердің өзі қат. Электр жарығы жоқ. Жұрт майшаммен күнелтуде. Кеш батса сығырайған шамға күні түсулі. Тура соғыстың жылдарын еске түсіреді. Әзірге Қытайдың арзанқол шамдары әжетке жарап тұр. Ең қиыны, тіршілік нәрі - су жоқ. Қасқалдақтың қанындай қат дүниені сатып алады», - деп жазады басылым.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, Қостанай облысы қоқыстан тазартылмай отыр. Бұл туралы қала және аудан әкімшіліктерімен өткізілген селекторлық жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейстер хабарлаған. Мейстердің айтуынша, облыс бойынша жүргізілген тексеру жұмыстары барысында санкцияланбаған қоқыстар төгілетін жерлер көптеп анықталған. Дегенмен анықтау жұмыстарын өз мойнына алған әкімшіліктер бұл жұмысты дұрыс жүргізбеуде.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Свой прогноз по годовой инфляций Нацбанк не снимет» атты мақала басты. Онда Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко өткізген баспасөз-мәслихаты барысында көтерілген мәселелер сөз болды. Ұлттық банк басшысының айтуынша, ішкі валюта нарығы біршама тұрақтанды. Интервенциялар азайып, алдағы уақытта теңге бағамы 144,6-144,7 аралығында жайлы бағамға келеді деген божам бар.