Жанармай бекеттерінде бензин бағасы неге әркелкі — министр себебін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Бензин мен дизель отыны бағасының күрт өсуіне еш негіз жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
— Біріншіден, Қазақстанда жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасатынын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта мемлекет бұрынғыдай көтерме және бөлшек саудадағы бағаны реттемейді. Қателеспесем, бұл тәжірибеден 2024 жылғы ақпанда бас тарттық. Содан бері бүгінгі күнге дейін баға нарықтық тетік негізінде қалыптасып келеді. Шынымды айтсам, бағаға қатысты болжам жасау оңай емес. Дегенмен қазіргі уақытта еліміздегі бензин мен дизель отыны бағасының аралығын айта аламын. Одан кейін өздеріңіз қорытынды жасай жатарсыздар, — деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның дерегінше, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 253-271 теңге аралығында, ал дизель отыны 356-367 теңге аралығында сатылып жатыр.
— Көріп отырғандарыңыздай, жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы айтарлықтай. Мұның себебі — кейбір жанармай құю бекеттерінің өнімді өткізуге жұмсайтын шығындары өзгелерге қарағанда төмен болуы мүмкін. Сондықтан бір бекетте баға төмен болса, екіншісінде жоғары. Бұл елімізде нарықтық жағдай мен бәсекелестік бар екенін көрсетеді, яғни баға ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс негізінде қалыптасады, — деді Ерлан Ақкенженов.
Министр бензин мен дизель отынының бағасы күрт өсуі байқалған жағдайда мемлекет оны тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынына сендіреді. Оның атап өтуінше, ол үшін қажетті тетіктердің бәрі бар.
— Біріншіден, елімізде жанар-жағармай қоры жеткілікті. Атап айтқанда, бензин мен дизель отынының әрқайсысынан 400 мың тоннадан астам қор бар. Зауыттарымыз штаттық режимде жұмыс істеп, өнімді қалыпты көлемде өндіріп жатқанын атап өткім келеді. Өнімді қалаларға жөнелту де штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан дүрбелең туғызып, соның салдарынан сұраныстың күрт артуына және бағаның шарықтауына негіз болатын ешқандай жағдай жоқ, — деді ол.
Бұған дейін еліміздегі бензин, дизель отыны және автогаз бағасын жазған едік.