Жанармай тапшылығы елорда жүргізушілерін бүрсең қақтыруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аяздың қысқаны емес, жанармай тапшылығы елорда жүргізушілерін бүрсең қақтыруда. АИ-92 маркалы бензинді қолма-қол ақшаға табу қиындады, деп хабарлайды 24.kz.
Қала әкімі Әсет Искешев әлеуметтік желі арқылы әлеуметке үн қатыпты. Елордада жанармай қат! Дәлірек айтсақ, АИ-92 бензинінің жетіспеушілігі байқалады. Май құю бекеттерінің көбі көліктерді кері қайтаруда. Бірді-екілі жерде бар көрінеді. Сұраныстың арту салдарынан сала-құлаш кезек пайда болған.
«Кешелі бері осылай. Кезек көп. Кеше көптеген бекеттерде бензин болмады. Жүрдік. Іздедік. Енді осында келдік,-дейді Астана қаласының тұрғындарының бірі Назар Абулхаиров.
Астана әкімі Әсет Исекешов мәселенің неден туындағанын былайша түсіндіреді: «Ауа райының күрт сууына байланысты қаланың кейбір жанармай құю станцияларында орташа тұтыну көрсеткіші ЖЖМ қорынан асып түсті. Қазіргі уақытта «Қазмұнайгаз» АҚ қалаға əкелінетін АИ-92 бензинінің мөлшерін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде АИ-92 маркалы бензинінің бағасы литріне 130-135 теңге», деп жазады - ол Фейсбуктегі парақшасында.
Жағдай «Қазмұнайгаз» АҚ Астана қаласының əкімдігі жəне Энергетика министрлігінің бақылауында. Барлық тараптардың қатысуымен, яғни мемлекеттік органдар, жанар-жағармай тасымалдаушылар жиналыс өткізіп, қысқы мерзімге іс-қимыл жоспарын пысықтайтынын да айтыпты. Қазір ахуал дұрысталып келеді деген де ақпар жүр. Тапшы жанармайды бекеттерге жеткізіп жатқан көрінеді. Айтпақшы, Петропавлда да тапшылық тартып отыр. Бір қолға жиырма литр ғана беріледі. Энергетика министрлігі жағдай жақын арада реттеледі депті.