Жанармай тапшылығы мәселесі апта соңына дейін шешілуі тиіс - Л.Тұрлашев
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 335 жанармай құю бекеті бар. Оның 134-інде бензинмен қоса газ құйылады. Қазір бекеттерде 22 мың тоннадан астам жанармай қоры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен аптаның бейсенбісінен бастап, Алматы облысы аумағында жанармай тапшылығы мәселесі туындады. Оның ең басты себебі, еліміздегі ең ірі - Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарының тоқтағаны. Соның салдарынан, өндірілетін бензин азайды. Осындай жағдайда сұраныс та өсіп кетеді. «Бензин жоқ» дегенді естіген халық жапа-тармағай бензин алуға ұмтылып, сұраныс әдеттегіден 2-3 есеге өсіп кетті. Дегенмен, жағдай толық бақылауда. Энергетика министрлігінен де, жергілікті әкімдіктен де салаға жауапты мамандар бекітілген. Қазір сұранысты қанағаттандыру үшін барлық жағдай жасалып жатыр». Бүгін журналистерге арнайы баспасөз-мәслихатын өткізген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев осылай деді.
Мәслихатқа Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов және Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Тұрсынбай Галинов қатысты.
«Облыс аумағында 335 жанармай бекеті бар. Оның 134-інде бензинмен қоса газ құйылады. Қазір бекеттерде 22 мың тоннадан астам жанармай қоры бар. Облыс аумағында АИ-92 маркалы бензин бағасы 147-159 теңге айналасында тұр. «Газпромнефть» бекеттерінде бензин құюда еш мәселе жоқ», дейді Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов.
«Бүгінде үкімет боп, жергілікті әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Қазір сұраныс импортпен жабылып жатыр. Сол себепті, жанармай бағасы қымбаттады. Мемлекет бағаның шарықтап кетпеуін қадағалап отыр. Осы аптаның соңына дейін мәселе толық шешімін табады деп ойлаймын», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев.