Жанармайды аз тұтынатын автокөлікке көшуге ынталандыратын бағдарлама жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы Энергетика министрлігі энергия үнемдеуге арналған бағдарлама әзірлеуді жоспарлайды. Ондағы бағыттың бірі автокөліктерді бензиннің орнына сұйытылған газға көшіру мен шағын двигательді көліктерге жұртшылықты ынталандыру болып отыр. Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин осылай мәлімдеді.
«Энергетика министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе әзірлеп жатқан бағдарламасын жүзеге асыру еліміздегі автопарктерді жаңғыртуға ынталандырады. Сонымен қатар бағдарлама сұйытылған газға көшу есебінен мұнай өнімін тұтыну мөлшерін азайтып, шағын двигательді автомобильдердің санын арттыруға септігін тигізеді, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартады. Бұл шара сонымен бірге Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу саясатында үлкен рөл ойнап, экология мәселелерін шешуде қомақты үлес қоспақ», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, еліміздегі энергоүнемдеу әлеуеті бастапқы энергетикалық ресурстардың жалпы тұтыну мөлшерінің шамамен 27 пайыз деңгейінде бағаланады.
«Бұл 62 млн. тонна мұнайдың эквивалентін құрайды, оның ішінде 10 млн. тоннасы тасымалдаудың есебінен болып тұр», - дейді Ұзақбай Қарабалин.