Жаңартылған «Қызыл кітап» қандай жануарлармен толықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Елімізде «Қызыл кітаптің» толықтырылған бесінші басылымы жарық көреді. Жаңартылған басылымның жаңалықтары қандай, жойылып бара жатқан жәндіктер мен жануар түрлерін қалай анықтайды? Бұл сауалдарға Зоология институтының бас директоры Роман Ященко жауап берді.

— Туған табиғатты қорғап, көркейтуді, оны ұрпақтан ұрпаққа жұтатпай жеткізуді көздеген Қызыл кітаптің жаңартылған бесінші басылымы қашан шығады?
— «Қызыл кітаптың» жаңа нұсқасы дайын. Соңғы редакторлық жұмыс екі-үш күнде аяқталады. Қазір Үкіметтің қаулысын күтіп отырмыз. Оның тиражына Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауапты. Яғни, басылып шыққан кітап қажетті мекемелерге, жоғары оқу орындарына таратылады. Кітап жарыққа осы жылдың соңында шығады, одан ерте болмайды. Алайда, қарапайым халық үшін ресми веб-портал әзірленді. Сол жерден көруге болады. Бұдан бөлек, институттың сайтында PDF нұсқасы да ұсынылады.

— Білуімше, бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» құқықтық мәртебесі бар…
— Иә, солай. Қазақстанның «Қызыл кітабы» тек қана сирек және жойылып бара жатқан аң-құстар, өсімдік пен жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды, бұл — құқықтық мәртебесі бар құжат. Батыс Еуропа немесе басқа да дамыған елдермен салыстырғанда біздің «Қызыл кітаптың» айырмашылығы — осында. Көптеген елде табиғатты, жан-жануарды қорғауға, сақтауға шақыратын кітапты ғылыми институттар немесе қоғамдық ұйымдар шығара береді. Яғни, ешқандай заңды күші жоқ.
— 10 жылда бір басылып шығатын «Қызыл кiтап» осы жолы неге кешеуілдеді?
— Он жылда бір басылып шығатын «Қызыл кiтапқа» өсімдік пен жануар түрлерін енгізу және одан шығару жөнінде ұсыныстар әзірлеуді ведомствоаралық зоология комиссиясы қарайды. Қазақстан Қызыл кітабының қайта өңделіп, толықтырылған 4-ші басылымы 2008 жылы шықты. Содан бері 16 жылдан астам уақыт өтті. Бұл ең алдымен экономикадағы қиындықтарға, түрлі дағдарыстарға байланысты.
Бесінші басылымды былтыр қолға алдық. Онда алғаш рет IUCN қауіп-қатерін бағалаудың халықаралық критерийлері қолданылды. Бұдан басқа, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануар түрлері бойынша электронды деректер базасы құрылды. «Қызыл кітап» дегеніміз негізгі үш данадан тұрады. Біріншісі — Үкіметте, екінші данасы уәкілетті орган — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде, үшіншісі әзірлеушіде қалады. Бұл — Зоология институты. Осыдан кейін барып ол кең таралымға шығады.

— Қызыл кітаптың жаңартылған нұсқасы қандай жануарлармен толықты?
— Төртінші басылымда Қазақстандағы жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлер тiзбесiнде 227 жануар түрі тіркелген, оның ішінде 131 түрі — омыртқалылар және 96-сы — омыртқасыздар. Ведомствоаралық зоология комиссиясының шешімімен Қызыл кітаптан жануарлардың 19 түрі алынып тасталды. Дені жәндіктер. Оларға әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Осылайша, үлкен көз кесіртке, әмiршi инелiк, нүктелі қанқызы, көбелек, кармин сымырлары және қоңыздың бірнеше түрі Қызыл кітаптан шығарылды.
Жаңартылған бесінші басылымға Қазақстанда мекендейтін 217 жан-жануар еніп отыр. Олардың қатарында ақбас құмай мен құмай құс бар. Оған қоса, қамыс мысығы, тазқара, Тянь-Шань және Жоңғар кесірткелері, қысқақанатты Коранус шегірткесі, көк Зикрона қоңызын, Қандыағаш қандаласын және шаянның үш түрі ерекше қорғауға алынды. Осылайша соңғы басылымға сирек кездесетін жан-жануардың 11 түрі кірді.

Кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. Онда сирек кездесетін аң мен құстың, жан-жануардың мекендейтін картасы көрсетіліп, айрықша қорғалады. Сондай-ақ біз өсімдіктер мен жан-жануарлардың қалай аталатыны туралы тізімді жаңарттық. Өйткені біразы ескіріп кеткен. Қазір олай аталмайды. 59-ының атауын нақтыладық. Қазақ тілінде терминология комиссиясы құрылып, жұмыс істеді.
— Кітаптың түсі қызыл болатыны анық, оның мұқабасы мен дизайны қандай болмақ?
— Ол әзірге құпия. Кітап жарыққа шыққанан кейін айтуға болады. Басылым 536 парақтан тұрады.74 ғалым жұмыс істеді. Оның басым бөлігі — Зоология институтының мамандары.
