Жаңартылатын энергия көздері нысандары үшін бекітілген шекті тариф жүйесін енгізу қажет

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат  - Жаңартылатын энергия көздері нысандары үшін бекітілген шекті тариф жүйесін енгізу қажет.

Жаңартылатын энергия көздері нысандары үшін бекітілген шекті тариф жүйесін енгізу қажет

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен жаңартылатын энергетика көздеріне қатысты әлемдік тәжірибе зерделенген.  «Көптеген дамыған елдерде, оның ішінде Германия, АҚШ, Австрия, Франция, Испания мемлекеттеріндегі тәжірибеге сүйенсек, тарифтердің бекітілген жүйесін енгізу арқылы жаңартылған энергетика көздерін дамытудың ірі ауқымды жобалары жүзеге асқан. Жүйелі квоталау практикасы да әлемде біркелкі қолданылып отырған жоқ. Нидерланды мәселен, бұл жүйені 1997-2000 жылдары енгізіп, одан кейін тарифтік жүйеге көшті. Жапонияда да осы сала сәтсіздікке ұшыраған соң, мамандар бұны  квоталаудағы олқылықтардан деп санаған болатын. Сондықтан да басқа елдердегі тәжірибелерді саралай келе Жапония жаңартылатын энергетика көздеріне бекітілген шекті тарифтерді енгізді. Әлемдік тәжірибелерді зерттей келе, біз Қазақстаннан басқа ешбір елде жаңартылатын энергетика көздерінің нысандарына жеке-жеке тарифтер белгілеу жүйесінің кездеспейтініне көз жеткіздік», - дейді Б. Жақсалиев.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасының негізгі тұжырымдамасы да жаңартылатын энергия көздері нысанынан алынатын энергияға  бекітілген шекті тарифтер енгізу болып табылады. Бұл ретте бекітілген шекті тарифтер енгізу осындай нысандарға жұмсалатын шығындарды қайтару үшін бір жағынан кепіл ретінде қарастырылып отыр. Ендеше инвестициялық тартымдылық та арта түседі.

«Яғни, Үкімет жаңартылатын энергия көздері нысанынан сатып алатын тарифтің деңгейін белгілейді.  Ал инвестор әрбір мәселеге салмақты қадам жасап, нысанға қолданылатын технологиядан бастап оны өндіруге дейінгі кезеңде жауаптылықпен жұмыс істеуі шарт. Ол Үкімет бекіткен тарифтің экономикалық тиімділігін өзі саралайтын болады. Осылайша, Үкімет бұл салада тарифті белгілей отырып, инвестордан өнімді сатып алуға кепіл бола алады. Бұндай жағдайда егер міндеттемелер орындалмаған болса Үкімет тарифке қатысты шекті өзгертуге құқылы болады», - деді министрдің орынбасары.