Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға бағытталған заң жобасы Сенат комитетінде талқыланды

АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға бағытталған заң жобасы Сенат комитетінде талқыланды
Онда «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасының экологиялық жағынан тиімді энергия өндіруді, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау жөніндегі ережелерді жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Құжаттың негізгі тұжырымдамасы ? экономиканың энергия сыйымдылығын және электр энергиясын өндіру секторының қоршаған ортаға әсерін, оның ішінде парниктік газдардың шығарындыларын төмендету үшін жаңартылатын энергия көздерінің пайдалану үлесін арттыру болмақ. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелерін жүйелі шешу мақсатында заң жобасында ең тиімді аумақтар бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдалану нысандарын орналастыру жоспарын бекіту көзделеді. Бұдан басқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және пайдалануға бағытталған бағдарламаларды, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөнінде нысандарды салуға жобаларды келісу тәртібін бекіту қарастырылады. Сонымен бірге, заң аясында жергілікті атқарушы органдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ескере отырып, өңірлік даму бағдарламаларын әзірлейтін болады. Жоспарларды, экономикалық және әлеуметтік жоспарларды әзірлеу кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану ескерілуі тиіс. Сондай-ақ қуаты жиырма бес мегаватқа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын нысандарды салу жобаларын келісу көзделеді. Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, энергетиканың болашағы үшін отынды үнемдеуге, халықтың денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін болады. Комитетте талқыланған заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.