Жаңартылған Үкіметтің алғашқы отырысы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Министрлер кабинетінің жаңартылған құрамымен Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Онда жуырдағы кеңейтілген отырыста Елбасы жүктеген мәселелер талқыланып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы қаралды.

Жаңартылған Үкіметтің алғашқы отырысы өтті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлықтарымен Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Көріп отырғандарыңыздай, көп кадрлық өзгерістер болған жоқ. Мұны Елбасының біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан, Үкімет мүшелерінің атынан, өзімнің атымнан көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді, деді Б. Сағынтаев.

Үкіметтің жаңа мүшелерін таныстырып өткен Премьер-министр негізгі мәселеге көшіп, кеңейтілген отырыста Елбасы берген тапсырмаларды нақтылай түсті. Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Елбасымен бірге болатын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін тоқтата тұру керек. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларыңызды да келісім бойынша жасайсыздар. Сіздерге Үкімет басшылығы тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныстарыңызды енгізіңіздер.

Тағы бір мәселе, біз қабылдаған шешімдердің барлығы қарапайым xалыққа түсінікті әрі жеңіл болуы тиіс. Біздің кез келген шешімдеріміз жұртшылыққа дер уақытында жетіп, мақсат-міндеттер мен оларды шешудің жолдарын үнемі түсіндіріп отыру керек, деді Үкімет басшысы.

Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі - халықты баспанамен қамтамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Аталған бағдарламаға қолданыстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғырланатын болады. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды. Әлеуметтік маңыздылығы жоғары бұл бағдарламаны халықпен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиянақты талқылау керектігі айтылды.

Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген тағы бір тапсырмасы - ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау. Яғни, оны жүзеге асыру үшін бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуі қадағаланады. Сондай-ақ, Үкімет АӨК бойынша жаңа міндеттерді қолға алмақ. Осы орайда, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне елдің қаншалықты инфрақұры­лымдармен қамтамасыз етілгенін анықтауды, Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Осы мәселелердің шешілуі АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының негізіне енеді. Премьер-Министр сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне көліктік инфрақұрылымдар бойынша жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатуды жүктеді.

Үкімет басшысы елдегі инфляция көлемін төмендету тапсырылғанын еске салды. Ұлттық экономика министрлігіне биыл аймақ әкімдерімен бірге бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және табиғи монополиялар қызметінің тарифтерін өсірмеуді тапсырамын, деді Б.Сағынтаев. Сонымен бірге, бизнесті қолдау құралдарын әрі қарай жетілдіру мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік қолдану тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берді.