Жаңару күні: Алматы облысында 25 545 адам 15 850 түп ағаш отырғызды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Жаңару күнінде ұйымдастырылған сенбілікке жалпы 30 500 адам қатысып, 210 техника жұмылдырылды.
Жиналған қоқыс мөлшері 980 тоннаны құрады, оның 6 тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Санитарлық тазалауға жататын аумақтың ауданы - 1 150 гектар.
«Қонаев қаласы облысымыздың орталығы болғандықтан, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына әрдайым көңіл бөлеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Наурызнама» онкүндігі жарияланған. Жаңару күні сенбілікке шығып, ағаш отырғызуды жөн санадық және өңірдің елді мекендерінде де осы игі шара жалғасын табуда. Алматы облысының табиғатын аялап, одан әрі көркейту - әрбір азаматымыздың борышы. 2024 жылы 10 мың бірлік жасыл желек отырғызу жоспарланған», - деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысында сенбілікке 25 545 адам қатысып, 15 850 түп ағаш отырғызылды.
Олардың ішінде;
• Балқаш ауданы 1800 адам қатысып, 900 түп ағаш;
• Еңбекшіқазақ ауданы 7600 адам қатысып, 5300 түп ағаш;
• Жамбыл ауданы 7748 адам қатысып, 300 түп ағаш;
• Іле ауданы 3830 адам қатысып, 420 түп ағаш;
• Қарасай ауданы 800 адам қатысып, 330 түп ағаш;
• Талғар ауданы 1250 адам қатысып, 5900 түп ағаш;
• Ұйғыр ауданы 920 адам қатысып, 2200 түп ағаш;
• Қонаев қаласы 1200 адам қатысып, 500 түп ағаш екті
Наурыз айында ел аумағында отырғызатын жаңа көшеттер тәрізді бұл күндері қоғамдық мәдениетке Наурыздың жаңа дәстүрлері сіңіріледі. Отырғызылған көшеттер өніп шығып, ағаштар жеміс бергені сияқты жаңа идеялар мен құндылықтар өз жемісін беріп, қоғамымызды нығайтып, өркендеуге жетелейді.