Жанат Нұрмағамбетова БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалды

Облыс әкімінің өкімімен Жанат Жандоллақызы Нұрмағамбетова БҚО-ның бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.

жанат нұрмағамбетова
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия мүшелеріне жаңа уәкілді таныстырды.

Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде Жанат Жандоллақызының қадағалау саласында — ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасында түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған тәжірибелі тұлға екенін жеткізді.

«Жанат Жандоллақызы өзінің еңбек жолын мектепте бастаған, яғни жас ұрпақтың тәрбиесін жақсы біледі. Аға әділет кеңесшісі деген шені мен көшбасшылық қабілеті бар мықты ұйымдастырушы. Оның белсенді ұстанымы өңір тұрғындарына жақсы таныс. Ол — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, ана мен баланы қолдауды, жасөспірімдерді тәрбиелеуді, олардың құқықтарын қорғауды қоса алғанда, өзекті мәселелер көтерілетін әдеп жөніндегі тәртіптік кеңестің отырыстарына тұрақты қатысқан жан. Әр уақытта ҚР Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің әлеуметтік жобаларын іске асыруға да атсалысты», — деді Б.Нарымбетов.

Жиын барысында Бақытжан Нарымбетов облыстың балалар құқықтары жөніндегі уәкіліне Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға жете күш салуы қажет екенін атап өтті.

«Жанат Жандоллақызы өңір балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу, қажетті әлеуметтік сүйемелдеуді қамтамасыз ету және балалардың құқықтарын қорғаудың басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеу шараларын ұйымдастыруы тиіс», — деп қосты Б.Нарымбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда буллингке байланысты мектеп директоры қызметінен босатылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар