Жанат Жақияновтың қолғабы 600 мың теңгеге сатылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда ауыр науқасқа шалдыққан балаларға арналған қайырымдылық кеші өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанат Жақияновтың қолғабы 600 мың теңгеге сатылды

Шараны СҚО ҚХА «Қоғамдық келісім» бірлестігі ұйымдастырды. Қайырымдылық кешіне 300-ден астам адам қатысты. 60 дебютант вальс билеп, концерт қойылды, қайырымдылық аукционы өткізіліп, қатысушылар марапатталды. 

Аукционға Монте-Карлода WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы титулын жеңіп алған боксшы Жанат Жақияновтың былғары қолғабы, Джиро Д'Италия гранд-турының жеңімпазы және Олимпиада чемпионы Винченцо Нибалидің қолтаңбасы бар және Олимпиада жеңімпазы Александр Винокуровтың қолтаңбасы бар футболка, «Құлагер» хоккей командасының таяғы мен формасы және «Астана» кәсіби спорт клубы командаларының лоттары қойылды. Барлық лоттарға команда мүшелері қол қойған.
Жанат Жақияновтың қолғабы ең қымбатқа сатылған лот болды. Ол 600 мың теңгеге бағаланды. Аукцион жеңімпазына оны боксшының өзі тапсырды.
Қайырымдылық кешінде 3 миллионнан астам теңге жиналды. Жиналған қаржы Иван Зологинді (туабітті қос бүйректің гипоплазиясы), Илья Пугачты (остеопетроз), Диана Бейсенбаеваны (мидың ісігі) емдеуге жұмсалады. 
Солтүстік Қазақстан облысында қайырымдылық балы екінші жыл өткізілуде. Былтыр 1,8 млн теңге жиналды. Бұл қаржы да бес ауыр сырқатқа шалдыққан баланы емдеуге жұмсалды.