Жанат Жақияновтың спорттық киімі 800 мың теңгеге сатылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда III қайырымдылық балы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанат Жақияновтың спорттық киімі 800 мың теңгеге сатылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, үш баланың өмірін сақтап қалу үшін ұйымдастырылған шараға Солтүстік Қазақстанның 300-ге жуық тұрғыны атсалысқан. Биылғы көмек Владислава Головырина, Әмір Ғабдуллин және Карина Баймолдиналарға көрсетіледі.

11 жастағы Владислава балалардың церебралды сал ауруына, спластикалық диплегия және эпилепсияға шалдыққан. Оған сіңірін ұзарту үшін ота жасауға 7 миллион теңге қажет.

Ахондроплазиямен күресіп келетін Әмір Ғабдуллинге бұған дейін ота жасалып, аяғы ұзартылған. Баланың жағдайы күрт нашарлағандықтан, тағы да ота жасату үшін оны Харьковке шұғыл түрде жеткізу қажет. Әмірдің ұдайы ауыратын аяғына ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек те көмектеспейді. Оған 3,7 миллион теңге қажет.

Ал 15 жастағы Каринаға "эпилепсия және мидағы кистозды-жабысқақ өзгеріс" диагнозы қойылған. Испанияда оның ұстамасын тоқтатуға болады. Оған қажетті ақшаның бір бөлігі жиналған, енді тағы да 3 миллион теңге қажет.

Осыған орай өткізілген қайырымдылық аукционына лот ретінде қолдан жасалған бұйымдар, жергілікті суретшілердің туындылары, Қазақстан командалары мен спортшыларының формалары қойылды. Кейбір қатысушылар сатып алған лоттарын қайта саудаға шығарды.

Белгілі боксшы Жанат Жақияновтың спорт киімін жергілікті кәсіпкер 800 мың теңгеге сатып алды. Лоттың бастапқы бағасы 50 мың теңге деп белгіленді. Жақияновтың киіміне қоса былғары қолғабын да, тағы бір картинаны сатып алған кәсіпкер аукционда жалпы 1,4 миллион теңге жұмсады. Ол боксшының киімдері мен қолғабын бокс федерациясына беруге уәде етті.

Қайырымдылық акциясынан 4,6 миллион теңге жиналды.