Жаңазеландиялық отбасы 22,4 миллион доллар ұтып алды
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат - Жаңазеландиялық ерлі-зайыпты Powerball лотереясынан 22,4 миллион АҚШ долларын ұтып алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Манукау қаласында тұратын, аттарын атауды қаламаған ерлі-зайыптылар сенбі күні, қазанның 3-інде лотерея билетін сатып алады. Қазанның 4-інде сағат 7:00-де олар радиодан ресми хабарды тыңдайды. Хабарда Манукау қаласында сатып алынған билетке ұтыс шыққаны айтылды.
«Біздер өзіміздің жеңімпаз екенімізге көз жеткізу үшін сандарды 999 рет оқып шықтық», - деді отағасы журналистермен болған әңгімеде. Ұтыс иесінің айтуынша, ол бақытты билетті үстелдің жәшігінде екі күн бойы сақтаған және тек қазанның 6-сында ғана лотерея кеңсесі орналасқан Веллингтонға келіп, ұтыс иесі екенін айтқан.
Жеңімпаздар әзірге ақшаны қалай жұмсайтынын дәл айта алған жоқ. Бұл мәселені шешкенге дейін олар бұрынғы жұмыстарында істей тұрады. Алайда ерлі-зайыптылар, қалай болған жағдайда да ақшаның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтындарын мәлімдеді.
22,4 миллион доллар - жаңазеландиялық Powerball лотереясы үшін рекордты ұтыс. Бұған дейінгі рекорд 2008 жылы 19 миллион доллар ұтқан Нью-Плимутта тұратын отбасыға тиесілі болатын.