Жаңажылдық корпоративтерден соң токсикология бөлімшесіне түскендер көп болды ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылдық корпоративтердің басым бөлігі артта қалды. Қазақстанның елордасы - Астана қаласындағы мейрамxаналарда да соңғы бір апта бойы бос орын болмады. Себебі мерекелік корпоративтердің науқаны қызып тұрды. Ал осы корпоративтерде ащы суды асыра ішкендер көп болды ма? ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Астана қалалық 1 емxананың токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Галина Башинская аталған сұраққа жауап берді.
«Біз биылғы корпоративтердің қалай өткеніне өзіміз де таңғалып отырмыз. Барлығы ойдағыдай өтті деуге болады. Біздің тілімізбен айтсақ, «санитарлық қазалар» болған жоқ. Арақты мөлшерден көп ішіп, корпоративтен бірден токсикология бөлімшесіне жеткізілген бірде-бір адам тіркелмеді, мүлдем болған жоқ. Біз өзіміз де таңқалып отырмыз. Себебі бұған дейін екі жыл қатарынан күнде мерекелік корпоративтерден 3-4 адам жеткізілетін. Сөйтіп, Жаңа жылға дейін біраз адам жиналып қалатын. Биыл ондай жағдай байқалмайды. Әрине, бұл - қуантарлық жәйт», - дейді Галина Башинская.
Айта кетейік, Астанада осы бөлімшеден басқа токсикология мекемелері жоқ. Сондықтан барлық арақты мөлшерден көп ішкен, я болмаса, спирттік ішімдіктерден уланған барлық адамдар аталған бөлімшеге жеткізіледі.
Дегенмен, жедел жәрдем қызметінде істейтін мамандардың айтуынша, корпоративтерде ащы суды асыра сілтеп жатқандар аз емес. Олардың басым бөлігі үйде дәрі тамызғышты ақылы түрде қойдыртудың арқасында айығып жатады.