Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық жекпе-жегі өтетін орынды таңдады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы, орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) титулдық жекпе-жегін өткізгісі келетін орнын атады, деп хабарлайды Sports.kz.

т
Фото: janibek_alimkhanuly/ instagram

— Егер промоутерім Top Rank пен Боб Арум жекпе-жекті ұйымдастырса, Нью-Йоркте өнер көрсеткім келеді. Себебі ол жерде Қазақстаннан келген жанкүйерлерім көп, — деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісінде.

Бастапқыда WBO екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазға титулын қазақстандық боксшыға қарсы қорғауды міндеттеген еді. Промоутерлік бәсекеде Queensberry компаниясы 1 001 809 доллар ұсынып, жеңімпаз атанды. Жекпе-жекті өткізуге Лондон, Бирмингем және Нью-Йорк қалалары қарастырылған болатын. Алайда британдық боксшы бұл кездесуден бас тартып, чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартты.

Осы шешімнен кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлын бос қалған WBO титулы үшін жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банкпен (20-0, 11 КО) жекпе-жекке қатысушы ретінде белгіледі.

Тараптар 7 қазанға дейін жекпе-жек өткізу жөнінде келісуі керек. Егер келісімге келе алмаса, WBO промоутерлік сауда өткізеді.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне 10 мың көрермен жиналуы мүмкін екенін хабарланған болатын.