Жәнібек Әлімханұлы екі титул үшін жұдырықтасатын жекпе-жек алдында талып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы, WBO/IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жаңа зеландиялық қарсыласы Андрей Михайловичке қарсы өтетін жекпе-жек алдында талып қалды. Бұл туралы Sports.kz жазды.

Talksport.com-ның журналисі, инсайдер Майкл Бенсон WBO/IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен жаңа зеландиялық Андрей Михайлович арасындағы жекпе-жек болмайтынын хабарлады.
«Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы ертең кешке жоспарланған жекпе-жек өтпейтін болды. Жәнібек бейсенбі күні салмақ қуу кезінде ағзаға су жетіспеушілігі салдарынан талып қалуына байланысты ауруханаға жатқызылды», - деп жазды Бенсон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайловичтің жекпе-жегі Лас-Вегасте (АҚШ) 13 шілде күні түнде өтуі тиіс еді.
Бұған дейін Жәнібек екі бірдей белбеуге талас алдында «жыл нокаутына» уәде бергенін жазған болатынбыз.