Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген әлем чемпионымен айқасады

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы спорттық мансабында алғаш рет басқа әлем чемпионымен біріккен жекпе-жек өткізеді. Орта салмақтағы WBO чемпионының қарсыласы IBF белбеуінің иегері, германиялық Винченцо Гуальтьери болмақ.

бокс
Фото: sport.kz

Kazinform бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

30 жастағы Әлімханұлы кәсіпқой бокста 14 айқас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен, 10 рет қарсыласын нокаутқа түсірген. Ол 2022 жылдың 5 мамырында британдық Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атанған болатын. Қазақстандық боксшы титулын екі рет қорғады: біріншісінде төрешілер шешімімен британдық Дензел Бентлиден басым түссе, екіншісінде канадалық Стивен Батлерді нокаутпен жеңді.

Гуальтьеридің де жасы 30-да, ол да кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Оның қоржынында 21 жеңіс (7 нокаут) пен бір тең есеп бар. Ол 1 шілдеде Бразилия өкілі, 2012 жылғы Олимпиада финалисі Эскива Фалькаоны сенсациямен жеңіп, титул иегері атанған болатын. Алдағы жекпе-жек германиялық боксшының АҚШ-тағы дебюті болмақ.

Әлімханұлы-Гуальтери айқасы – Розенбергтегі (Техас штаты) Fort Bend Community Center аренасындағы бокс кешінің негізгі оқиғасы. Жекпе-жек Астана уақытымен 15 қазан таңертең өтеді. Qazsport телеарнасы Әлімханұлы-Гуальтери бокс кешін 6:00-ден бастап тікелей эфирде көрсетеді, басты жекпе-жек қатысушылары рингке 9:00-ден кейін шығады.