Жәнібек Әлімханұлы нокаутпен жеңіске жеткені үшін қанша гонорар алды
АСТАНА. KAZINFORM – 5 сәуір күні Астанада қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жеңіліс көрмеген француз Анауэль Нгамиссенге қарсы рингке шығып, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті, деп жазды Sports.kz сайты.

Бұл орта салмақтағы WBO және IBF титулдары үшін жекпе-жек болды. Қазақстандық файтер үшін бұл жекпе-жек оның мансабындағы ең табысты кездесуі болды: кепілді жарна 500 000 доллар. Ал, ақылы трансляцияның (PPV) сатылымы белгілі межеден асып кетсе, 3 миллион долларға дейін қосымша төлем уәде етілгені белгілі болды.
Анахуэль Нгамиссен (Франция) де жүлдесіз қалмапты. Ол Жәнібекпен жекпе-жекке шыққаны үшін 350 мың доллар (178 миллион теңгеден астам) базалық жарна алған. Табысты PPV сатылымдары 700 мың доллардан асатын болса, оның табысы 900 мың долларға дейін немесе одан да көп (459 миллион теңгеден астам) өсуі мүмкін.
Астанада өткен кеште қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) француз Анауэль Нгамиссенжді (14-0, 9 КО) жеңді.
Бұл кештің андеркартында қазақстандық Батыр Жүкембаев, Балауса Мұздиман, Төрехан Сабырхан, Махмұд Сабырхан және Әлішер Абдулалим қарсыластарынан басым түсті. Алайда Ақниет Әлімбайды чех боксшысы Йозеф Дубский жеңді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын жеңісімен құттықтағанын жазған болатынбыз.